• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2015

Өмірдің өзіндік өлшемі (Майдангер туралы сөз)

563 рет
көрсетілді

Қыбымызға тиіп, қыжыртып алғысы келгенде, жеңешеміздің айтатыны, «Ауылдарыңның маңдайына жазылғаны осы ма, әйтеуір кісілері шеттерінен әуейі не әпенді болып келеді».Әлбетте ондайда мен неге олай дейтінінің себебін сұрап қадала кетемін. «Демейін-ақ деймін, бірақ дегізесіңдер. Ана ағаңа қарасаңшы, соғысқа қатысты ма қатысты, жараланды ма жараланды, күні бүгінге шекті күн райы бұзылса, аяғы қақсап шығады. Құдай-ау сонда неге военкоматқа барып үй сұрауға арланады. Жер үйде тығылып отырғанымыз мынау. Басқалар соғысқа қатыстық деп кеуделерін қағып немере-шөберелеріне дейін үй алып беріп жатыр. Ағаң соғысқа қатысқан жалғыз мен бе екенмін дейді, талайлар қыршынынан қиылды дейді. Қаншаның түтіні сөнді дейді. Тірі қалғаным үшін ақы алуым керек пе дейді. Кезегі келгенде аламыз дейді. Ендеше, әуейі емей немене». Жеңешемнің сөзінің жаны бар. Он жетіден енді асқан балаң жас Семейге көшіріліп әкелінген Тамбов жаяу әскер училищесінде алты ай оқып бітірер-бітірместен Ленинград түбіндегі қанды қырғынның қақ ортасына топ ете түседі. Қай жыл екені қазір есімде жоқ, көз алдымда қалған көрініс: сол аяғының табанына тақтай байлап ауыл арасында қос балдаққа сүйеніп секіре басып келе жатқан қызыл шырайлы ескі өңді кісі. Ойпырым-ай, сол кезде ол бар-жоғы жиырманың ол жақ-бұл жағында ғана екен-ау. Он сегізден асар-аспасында алапат айқасқа взвод командирі ретінде кірген Асылғазы Нұралыұлы ұрыс даласында басынан кешкен хикметтерін, көрген-білгендерін әңгімелеуге онша құлық танытқан емес. Білуге біздің де онша ықылас білдіре қойған сыңайымыз шамалы сияқты. Жалғыз ғана есімде қалғаны: сәтін салғанда (соғыста да сәтті сәттердің болғаны ғой) қарамағында өлім мен өмірдің өлшеміне қанық, өзін балаларындай баулып, «сынок» деп бауырларына басып, қас-қабағына қарап, берген бұйрықтарын түзей орындап, құлақ түрген сарыкідір тартқан өңшең сақа сібірлік солдаттардың болғаны оны көп пәле-жаладан, қауіп-қатерден сақтап қалады. Бүгін жер басып, тірі жүргені солардың арқасы болуы да мүмкін. Аяқтың азын-аулақ жарасы не тәйірі, сылтып басқанда не тұр, саулығына одан төніп тұрған қауіп жоқ. Бір адамдай білімі бар, педучилище, жоғары партия мектебін бітірген, мектеп директоры, кәсіптік-техникалық училище директорының орынбасары, үлкен кеңшар парткомының хатшысы, бірталай жыл облыстық газетте жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқарған, екі тілге бірдей сауатты Әсекең мансап қумай, соңынан ерген перзенттерінің келешегін ойлап бір-ақ күнде Алматы асып, осындағы ағайын-тумалардың кішкене жер үйін паналайды, жүрек жалғарлық жалақысы бар қызметке тұрады. Жыртық үйдің құдайы бар (жеңешемнің сөзі) орайы оңынан оралып, ойламаған жерде кезінде Шығыс Қазақстан обкомының идеология мәселелері жөніндегі хатшысы болған, ендігі жерде Ішкі істер министрінің орынбасары міндетін атқарып жүрген Николай Степанович Филипенко Әсекеңнің Алматыда жүргенін естиді. Әсекеңді мектептегі, комсомолдағы, газеттегі, партком хатшысы болып жүргендегі адал қызметіне әділ бағасын бере білген бұрынғы идеолог ағамызды алдына алдырып, өткен-кеткенді еске алысып, әңгімелесіп деген сияқты қолайлы қызмет ұсынады. Жағдайының жаман емес екенін айтқан Әсекең оның бұл ұсынысынан бас тартады. Аңқылдақ Әсекеңнің суыртпақтап отырып бар сырын біліп алған Николай Степанович содан кейінгі кезде әріптесіне сездірмей сыртынан жәрдем қолын созады. Пәтер кезегінің тездей түскенін аңдағанда ғана Әсекең бұрынғы басшысының араласқанын сезіп, алғысын білдіреді. «Заңнан аттағамыз жоқ. Бәрі тиісінше, өзіңізге тиесілі дүниеңіз», дейді ана кісі. Тіршілігі оң шырай бере бастағанда, алдынан соғыстың сызы мен зілі қайтадан кес-кестеді, қаншама назар аудармайын десе де, жаралы аяғы жанына бататынды шығарды. Анау-мынауды ескеріп, елемейтін Әсекең дерті меңдей берген соң қаладағы орталық ауруханаға жатудан басқа амал таппайды. Алғашқы ем-домға дерті дес бермей асқына түседі, обалы бекерге, ота жасаудың қыры мен сырына қаныққан Асқан есімді ең епті хирургтің өзі тамырға тамыр жалғап қолынан келгеннің бәрін жасап бақса да, еш қайранын таба алмай қиналады. Башпайларға қан бармай қарая бастағанын байқаған хирург кінәлі жандай қатты қысылып тұрып, аяқты кесуден басқа амалының жоқтығын мойындайды. Ол дәл осы арада ертелі-кеш аяғын сипалап шөкиіп отыратын ағасының қылығына қайран қалады. Оның кәсіби білігіне күмән келтіріп ат-тонын ала қашып, тіл тигізгендерді де көрген хирург ағасының сабыры мен қайратына таңырқап, сенер-сенбесін білмей дағдарады. Өзгелер құсап өйтпедің бе, бүйтпедің бе деп созбаққа салмай, бірден келісімін бере салғанына айран-асыр болмағанда қайтсін! «Осы уақытқа дейін арқалап келгеніне рахмет, анау Ленинград маңындағы окопта тастап кетпегеніне шүкір!». Әсекеңнің уәжі. Аңырып қалған Асқанның айтқаны: «Апырым-ай, жеңгейге, балаларға айтпайсыз ба?» Әсекеңнің жауабы: «Әй, шырағым аяқ менікі емес пе?» Жымиысын миығына жасырған Асқан жылыстап шыға жөнеледі. Ешқандай ың-шыңсыз тәуекелге бел байлаған Әсекең баршамызды бейхабар қалдырып, бірер сағаттың айналасында ауырған аяқтан ада-күде арылып шыға келеді. Оқиғаның барысын да, байыбын да ертеңінде жеңешеміздің аузынан естідік: «Шіркін-ау, ағаларыңда шынында ес жоқ. Алдында үйде басқа шаруаң жоқ па, күнде несіне келе бересіңдер, балаларға да, ұлдарға да айт, несіне тентірейді, керегімнің бәрі бар», деген. Араға күн салып келсем ағаң бет-жүзі домбығыңқыраған секілді шалқалап жатыр екен: «Іріп-шіріп жүргенше, чертям, аяқты беріп құтылдық. Асқан, айналайын, жаман тамырларды жамап-жасқап қанша әуреге түсті, істемеген айласы қалмады, енді оны қинаудың тіпті жөні жоқ», дейді. Күлесің бе, жылайсың ба... Жеңешем жыламсырап тұрып жымияды: «Ара-арасында чертямын айтып қойып жатыр ағаң». Осы «чертям» дегеннен басқа ол кісінің аузынан шыққан одағай сөзді естімеген екенмін, соғыстан ілестіріп келген сыңайы бар, ренжіген, мазаланған, тосылған сәттерде айтып жіберетін қазақша-орысша ең мықты ғайбат-айбат сөзі осы. Ауруханаға келесі барып келгеннен кейін жеңешем Әсекеңнін тағы да өнер шығарғанын жыр етіп айтты: «Әй, ағаларыңа дауа жоқ, еңсесін енді көтергені сол, қасындағы төсекте жатқан полковникке шүйлігетінді шығарыпты. Оның да аяғы ғой, баяғы жараның зардабы сияқты, байғұстың жағдайы күннен-күнге қиындап бара жатқан секілді, шақырмаған дәрігерлері жоқ, олардың бәрі де емнің дұрыс жасалып жатқанын айтатын көрінеді. Кестіруге әйелі жастау адам екен, сол келісімін бермеген бе, сірә, бір мүшеңді алдырып тастау оңай ма, ақыры әлдеқалай болар екен деп алаңдайтын да шығар, кім біледі? Сол кісіге ағаң ертелі-кеш: «Чертям, кестіріп таста, жарамсыз нәрсені несіне қимайсың, немене сонша екеуіміз, танцыға барушы ма едік», деп қыдияды екен. Нең бар десем: «бастан құлақ садаға, бейшара аяғын аяймын деп арам қатады ғой бір күні», дейді. Ақыры уақыт өз үкімін шығарады. Өмір өлшемі айға емес, аптаға емес, тіпті, сағатқа да емес... минутпен санауға ойысқан кезде Асқан тәуе­келге бел буып, есінен танып қалған әлгі аза­мат­ты операция үстеліне жатқызып, амалсыз­дың ақтық амалын жасайды. Ағайға келесі кіргені­мізде, бұрын-соңды сұлқ жатқан әлгі кісінің кәдімгідей тілге келіп, әжептәуір сергіп қалғанын аңғардық. Жанына төсек-төсектердің басынан ұстап, қозғалуға жарап қалған Әсекең жетті. – Айтпақшы, осы сен қай размерлі төфлі киюші едің? Байқаймын біріміздің оң, біріміздің сол аяғымыз жоқ секілді. Енді екеуімізге бір аяқкиім алсақ жетеді. Әлі сырқатының сызынан айыға алмай ауырсынып жатқан полковник ағамыз амалсыздан езу тартты. Оның жанында отырған зайыбы еріксізден күліп жіберді: – Асеке, вы просто неисправимый человек, – дейді. Әсекең жалғыз аяқпен тағы да бірер жыл өмір сүріп, бір қарағанға тыншулы тіршілік кешеді. Бір қызығы сол, әлгі кесілген, тәнінен аласталған аяғының жанына батып сырқырайтынын сезіп жүреді. Қанша уақыт қабақ шытып сыр білдірмеуге тырысса да, алаңдаулы күй кешкен Әсекең мұның себебін әдейілеп барып Асқаннан сұрайды. «Ешнәрсе ешқашан адамның есінен мүлде ұмытылып кетпейді. Ол сіздің аяғыңыз, сіздің санаңызға жазылған мүшеңіз, оны сіздің көкірегіңіз іздейді, оның медицинадағы атауы – «фантомные боли» – біраздан кейін ұмытасыз, – деп Асқан ағасын жұбатады. Әсекең ұмытып үлгерді ме, үлгермеді ме, білмеймін, тегінде ол шағынуды, емексуді, емексіткенді, мүсіркегенді жаратпайтын жан ретінде бұл жайында ешқайсымызға тіс жармаған. Осы екі арада көлденеңнен басқа пәле килігеді. Сол кезде Әсекең бір-екі рет: «Өкпем ауыратын болып жүр, бұрындары темекіні көп тартып едім, соның салдары болса керек», дегені бар. Бертінде немерелері дүниеге келе бастағанда: «Чертям, қой­маса болмайды екен, өйтпесе мыналардың бетінен де сүйе алмайтын түрім бар», деп шешкен де, шылым шегуді шорт кескен. Әсекеңнің ауыр дертке шал­дығып, ауруханаға түсуінің жалғыз себебі шылым ғана емес, оған ұрыс даласындағы суық окоптың сызы да жамалған сияқты ма, қалай? Әзірге адамзат баласының әуселесі жетпей тұрған ауыр дертке шалдыққан Әсекең, көрмеген дүниесі ме, хирургтердің қандауырынан қаймықпай, операция үстеліне белін шарта буып барған-ды. Күрделі операциядан кейін өзіне өзі келді-ау деген кезде көңілін сұрай барған біздерді Әсекең ауруға бой алдырмаған адам тәрізді қашанғы ашық қабағымен қарсы алып, еркін әңгімемен отырды. Соңынан аурухананың өлшеулі уақыты бітіп, қайтуға беттеген кезімізде Әсекеңнің бір ауыз сөзі көңілімнің түкпірінде жатқан күмәнімді оятып жібермесі бар ма? – Әй ұл сен қала тұршы, – деді ол. Жеңешемнің Әсекеңнің інілерін, ағайын-туғандарының ұлдарын жағалата ұл дейтіні бар, әрі алдынан үлкен, кіші, сары, қара, т. с. с. айнытпай танытатын анықтауышын қосып айтады. Есіміміз қапелімде есіне түспей қалғанда немесе маңызды бір шаруа айтқысы келгенде, ағатай жеңешемнің осы дағдысын қайталайды. Мені селк еткізген де көкейінде әлдеқандай күпті мәселе жатқанын аңдатқан осы сөзі болды. – Мен бәрін де білемін. Хирургтердің кеудемді ашып жаба салғанын да сездім. Адамзат баласына дауасын таптырмай тұрған дерт емес пе? Оған қарсы қарекет жасайтын пенде баласы жоқ қой. Уыты тарап кеткен сыңайлы ғой. – Әсекеңнің үнінде егілу жоқ, езілу жоқ, еңсесін бермеген түрі бар, тас түйін бекінген адамша сөйлейді. Мен бәрі Жаратқанның қолында, үміт үзбеу керек деген секілді әлдебірдеңелерді міңгірледім. – Өлімге көлденең тұратын кім бар? Ондай күш болса, ана Брежнев, Косыгин ақсақалдарды алып қалмас па еді? Тағдырға менің ренішім жоқ: қанды қырғыннан аман келдім, түтін түтеттім, соңымнан бала-шаға ерттім, налитын, уайымдайтын жайым жоқ. Сондықтан, саған айтар бір өтінішім, мені елге жеткізудің қамын жаса, туған топырағымда жатайын. – Оу, бір амалын тауып жеткізерміз-ау. Бірақ қазір онда ел жоқ қой, оны өзіңіз де білесіз, Шүлбі ГЭС-нің суы алады деп ауылдың ескі қорымына шейін тау бөктеріне көшіргенін де өзіңіз білесіз. Әрі бала-шағаның да бәрі осында, анда-санда басыңызға барып тұрса да қайда, ана жақта айдалада жалғыз қаласыз ғой. Мен өз уәжімді айттым. – Оның да жөн екен, – Әсекең ойланып қалды. – Ендеше, мені Кеңсайға жатқызу жағын қарас­тыр. Қазақтың батыры мен бағланын, жақсы­сы мен жайсаңын бауырына басқан жер ғой. Сырласып жатқанға жақсы болады (Әсекең жыми­ып қойды). Еркешке де (жеңешеміздің есімі Ермек, ағекеміздің еркелетіп айтатыны ғой), бала­ларға да білетінімді білдірмей-ақ қой, мені аяп қамығып жүрер. Соңынан осы жайтты жеңешеме жеткізгенімде, ол кісі бір күліп, бір жылап алды: «Айттым ғой, ағаңа дауа жоқ деп, байғұс-ау өзі жанын қоярға жер таппай қиналып жүріп, қайғы ойламасын деп, біздің қамымызды жегенін қарашы». Әсекеңнің мұраты орындалып қалаған жеріне жантайды жарықтық. Қайтарының алдында ғана дүниеге келген немересінің құлағына сенің есімің «Жомарт, Жомарт, Жомарт» деп үш қайтара сыбырлап (бұл кезде дауысы шықпай қалған), Әсе­кең үзіліп кетті. Жерлеу рәсімінен есте қалғаны ағе­кеміз­дің сыңараяқ досы полковниктің (сол кісінің есі­мін есіме түсіре алмай-ақ қойдым) жал­ғыз ауыз: «Ол өмірдің парқын білетін адам еді» деген сөзі. Айтпақшы, Әсекең өмірден өтерінен біраз бұрын Өскемен мен Семейдің екі ортасында Ертіс бойында жатқан отыз үйлі Баймұрат аталатын, әлгі «әуейілер мен әпенділердің» ауылынан майданға аттанған, ішінде оралғандары (бірен-саран) мен қайтпай қалғандары бар (олар көп), сексендей адамның тізімін қалдырған еді. Кейіннен жат жерден топырақ бұйырған жандардың есімдері майдангерлерге арналған «Боздақтар» аталатын киелі дерлік естелік кітаптың ішінен шықты. Ендеше, тағдыр аяп, соғыстың сыны мен сызынан абыроймен өтіп, өмірлерін олжа етіп оралған Асылғазы Нұралыұлы (Әскен) сынды азаматтар көз көргендердің, ағайын-туғандарының есінде сақталуға тиіс. Құдай-ау, қазір байқап отырсам, Әсекең алпыс­тан енді асқанда дүние салған екен. Осы ауыл­дың бір әпендісінің баяғыда айтқан сөзі бар екен: «Баймұратта сексенге келмей сырқат­тану­дың өзі, тоқсанға келмей өлудің өзі ұят». Сұм соғыстың сызы өткен-ау, сірә.

Кеңес ЮСУП, жазушы. АСТАНА.